YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 25

25
Ыбырайымның өмірінің соңғы жылдары және қайтыс болуы
1Ыбырайым тағы да үйленіп, Кетура есімді әйел алған болатын. 2Одан Ыбырайымның Зимран, Жоқшан, Медан, Мадиян,#25:2 Мадиян (яки Мидиян): мадияндықтар халқының түп атасы (36:35; 37:28; Мыс 2:15-16; 18:1). Ишбақ, Шуах деген ұлдары дүниеге келді. 3Жоқшаннан Сәба мен Дедан туды. Деданнан кезінде ашурлықтар,#25:3 Ежелгі Арабиядағы ұлт. Немесе: ассурлықтар (ассириялықтар) (25:18). летуштіктер және леумдіктер тарады. 4Мадиянның ұлдарының аттары мыналар: Ефа, Ефер, Ханох, Абида, Елдаға. Бұлардың барлығы да Кетурадан тараған ұрпақтар болатын.
5Алайда Ыбырайым жинаған бар дүние-мүлкін Сарадан туған Ысқаққа мұра етіп қалдырды.#25:5 24:36. 6Өзінің көзі тірісінде ол кәнизактарынан#25:6 Яғни әйелдікке алған күңдерінен. туған ұлдарына енші беріп, оларды шығыс жаққа, өз ұлы Ысқақтың маңынан алшақтау жерге, жіберді.
7Ыбырайым барлығы жүз жетпіс бес жыл жасады. 8Ол мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды. 9-10Ысқақ пен Ысмағұл әкелерінің мәйітін Мамренің қасында, хеттік Сохар ұлы Ефронның егістігінде орналасқан Махпела үңгіріне апарып, марқұм әйелі Сараның қасына қойды. Бұл жер танабы мен үңгірді Ыбырайым кезінде хеттіктерден сатып алған болатын.#25:9-10 23:17-20. 11Ыбырайым өлгеннен кейін Құдай оның ұлы Ысқақты да жарылқап жүрді. Ол «Қамқоршым — тірі Құдай» деген құдықтың маңайында#25:11 Демек, оңтүстіктегі (Негев) даласында, Мысыр шекарасына жақын (16:14; 24:62). өмір сүріп жатты.
Ысмағұлдың ұрпақтары
12Ыбырайымның Сараның мысырлық күңі Ажардан туған ұлы Ысмағұлдың үрім-бұтағының шежіресі мынау: 13Ысмағұлдың ұлдарынан тараған ұрпақтар рет-ретімен былай аталады: Ысмағұлдың тұңғышы Набайот, одан кейін Қидар,#25:13 Иш 42:11; 60:7. Адбел, Мипсам, 14Мишма, Дума, Масса, 15Хадад, Тема, Етур, Нафиш, Кедмах туды. 16Бұлар Ысмағұлдың он екі ұлынан тарап, жартылай көшпенді, жартылай отырықшы болып, мекендеген жеріне қарай бөлінген рулардың он екі көсемі болды. 17Ысмағұл барлығы жүз отыз жеті жыл өмір сүріп, ата-бабаларының қасына аттанды. 18Оның ұрпақтары Мысырдың шығысындағы Шурдан Ассур еліндегі#25:18 Ассур яки Ассирия: қазіргі солтүстік Иракта орналасқан ежелгі ел (Шеж2 28:16). Хауилаға қарай созылған аралықты мекендеп, барлық бауырлас тайпалармен жауласып өмір сүрді.#25:18 (16:12) Немесе: барлық ағайындарына қарсы орналасты.
Ысқақтың ұлдары Есау мен Жақып
19Ыбырайымның ұлы Ысқақтың үрім-бұтағының шежіресі мынау: Ыбырайымнан Ысқақ туды. 20Ысқақ қырық жасында солтүстік Месопотамияда#25:20 Яки: Евфрат өзенінің бас жағындағы Арама жазығында (қазіргі оңтүстік-шығыс Түркияда). тұратын арамалық Бетуелдің қызы, Лабанның қарындасы Рабиғаға үйленді.#25:20 24:67.
21Әйелі бала көтермегендіктен, Ысқақ ол үшін Жаратқан Иеге жалына сиынды. Оның тілегін Иеміз қабыл алып, күндердің күнінде Рабиға жүкті болды. 22Оның құрсағындағы екі нәресте бір-бірімен тебісетін. Сонда ол: «Менде не үшін бұлай?» — деп ойлап, осыны білмекші болып Жаратқан Иеге жүгінді. 23Иеміздің жауабы мынау болды:
«Сенің ішіңде екі тайпа жатыр,
Құрсағыңнан екі ұлт тарамақ.
Біреуі екіншісінен күштірек болып,
Ағасы інісінің қызметшісі болмақ».#25:23 25:31-34; 27:29,40; Пат2 8:14; Пат3 22:47.
24Босанатын уақыты келіп, Рабиға егіз ұл тапты. 25Бірінші туған баланың денесін киім іспетті қалың қызыл түк басып кеткендіктен, оған Есау (яғни «Түкті») деп ат қойды. 26Одан соң оның сыңары көрінді, ол бір қолымен Есауды өкшесінен ұстап алыпты. Оны Жақып (яғни «Өкшеден ұстаушы, Алдамшы») деп атады. Егіз ұлды болғанда, Ысқақ алпыста еді.
27Балалар ер жетті. Есау дала кезіп жүретін білікті аңшы болса, Жақып шатыр маңайында тыныш жүретін жігіт еді. 28Ысқақ баласы аулаған аңның етін ұнатқандықтан, Есауды жақсы көретін. Ал Жақып Рабиғаның сүйікті ұлы болды.
29Бір күні Жақып тамақ пісіріп жатқанда, Есау шаршап, қарны ашып даладан келді. 30Ол Жақыпқа:
— Маған тезірек мына бір қызғылт түсті көжеңнен берші, мен ашпын, — деді. Сондықтан ол кейін Едом (яғни «Қызыл») деп аталды.#25:30 Сонымен қатар оның денесін қызыл түк басқан еді (25:25). 31Жақып:
— Онда қазір маған өзіңнің тұңғыштық жолыңды сат, — деп қолқа салды. 32Есау:
— Аштықтан өлейін деп тұрғанымда, маған тұңғыш боп туғандығымның керегі қанша? — деді. 33Жақып:
— Алдымен маған ант бер, — деп талап етті. Есау ант беріп, өзінің тұңғыштық жолын Жақыпқа сатып жіберді. 34Сонда Жақып оған нан және қызыл жасымықтан пісірген көжені ұсынды. Есау ішіп-жеп болған соң жөніне кетті. Осылайша ол тұңғыштық жолына немқұрайды қарап, одан бас тартты.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in