YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 38

38
Яһуданың отбасындағы күнәлар
1Сол кездері Яһуда бауырларынан бөлініп кетіп, адулламдық Хирах есімді кісінің қасына қоныстанды. 2Осы жерде ол Шуа деген қанахандықтың қызымен кездесіп, оған үйленді. 3Содан әйелі бала көтеріп, ұл туды. Яһуда оның атын Ер деп қойды. 4Әйелі тағы да ұл туып, оған Онан деген есім берді. 5Мұнан кейін де әйелі ұлды болып, оны Шелах деп атады. Ол туғанда Яһуда Хезіб қаласында#38:5 Хезіб Адулламнан бес, ал Сихемнен жүз шақырымдай қашықтықта орналасқан еді. болатын.
6Тұңғышы Ер есейіп, Яһуда оған әйел алып берді, оның аты Тамар еді. 7Бірақ Ердің мінез-құлқы Жаратқан Иеге жек көрінішті болғандықтан, Жаратқан Ие оның өмірін қысқа қылды.
8Сонда Яһуда Онанға: «Жеңгеңе әмеңгер болып үйлен. Осылай ағаң марқұмның үрім-бұтағын жалғастыр»,#38:8 Заң 25:5-6. — деді. 9Ал Онан Тамардан туатын балалары өз ұрпағы болып саналмайтынын білгендіктен, онымен жақындасқанда ағасынан ұрпақ қалдырмау үшін шәуетін#38:9 Яки: ұрығын. төгіп тастап отырды. 10Онанның бұл қылығын Жаратқан Ие жек көріп, оның да өмірін қысқа қылды.
11Сонда Яһуда Тамарға: «Кенже ұлым Шелах үлкейгенше әкеңнің үйінде жесір болып отыра тұр», — деді. Ал шынында ол Шелах та ағалары сияқты өліп қалмай ма деп уайымдап, келінін алдамақ болды. Сонымен Тамар әкесінің үйіне қайтып барып, сонда тұрып қалды.
12Көп уақыт өткен соң Яһуданың өз әйелі — Шуаның қызы қайтыс болды. Аза тұту мерзімі аяқталысымен Яһуда адулламдық досы Хирахпен Тимнада қойларын қырықтырып жатқан адамдарына өрлеп бару үшін жолға шықты. 13Ал Тамарға біреулер: «Қайын атаң қойларын қырықтыруға Тимнаға қарай өрлеп бара жатыр», — деп хабарлады. 14Шелах ержетсе де, Яһуданың өзін Шелахқа қоспайтынына Тамардың көзі әбден жеткен болатын. Сондықтан ол жесірлік киімдерін әдеттегідей киімдермен ауыстырып, ешкім танымасын деп бетін пердемен жауып алды. Осылай ол Тимнаға баратын жол бойындағы Енаимға барып, қала қақпасының жанына жайғасты.
15Яһуда Тамарды көргенде оны жезөкше әйел екен деп ойлады, өйткені ол бетін пердемен жауып алған еді. 16Оның өз келіні екенін білмей, көшеден бұрылып келіп, оған:
— Жүр, мен саған кіріп шығайын, — деді. Әйел:
— Маған кіріп шықсаңыз, не бересіз? — деп сұрады.
17— Саған отарымнан бір лақ беріп жіберемін.
— Маған лағыңызды жібергенше кепілдікке бір нәрсеңізді бере тұрыңыз. 18Яһуда:
— Қандай кепілдік беруім керек? — деп сұрағанда әйел:
— Мөріңізді, бауыңызды, қолыңыздағы таяғыңызды, — деп талап етті.
Яһуда оған сұрағандарын берді. Онымен болып шыққаннан кейін Тамар жүкті болды. 19Сол жерден шығысымен ол бетпердесін алып тастап, жесірлік киімдерін қайтадан киіп алды.
20Яһуда қалдырған кепілдік заттарын қайтарып алу үшін лақты адулламдық досы арқылы беріп жіберген еді, бірақ ол әйелді таба алмады. 21Сонда досы сол жердің тұрғындарынан:
— Енаимға баратын жолда отырған жезөкше қайда? — деп сұрады. Олар:
— Мұнда жезөкше болған емес, — деді. 22Досы Яһудаға қайтып келіп:
— Оны таппадым. Жергілікті адамдар сол жерде ешқандай жезөкшенің болмағанын айтты, — деді. 23Яһуда:
— Онда сол заттар әйелде қала берсін, әйтпесе күлкіге қалып жүрерміз. Мен оған лақты жіберуін жібердім, бірақ сен оны таба алмадың ғой, — деп шешті.
24Үш айдан кейін Яһудаға мынадай хабар келіп жетті:
— Келініңіз Тамар жеңіл жүріске салынып, жүкті болып қалған көрінеді! — Сонда Яһуда:
— Оны алып шығып, өртеу керек, — деп бұйырды.
25Тамарды қаланың сыртына алып шыққан кезде ол қайын атасына кісі жіберіп:
— Мен мына заттардың иесінен жүкті болып қалдым! Анықтап қараңыз: мөр, бау және таяқтың иесі кім екенін білесіз бе? — деп сәлем айтты. 26Яһуда заттарды танып тұрып:
— Ол менен әділірек, себебі мен оны ұлым Шелахқа қосқан жоқпын, — деді. Ал мұнан кейін ол Тамармен қайтадан жақындасқан жоқ.
27Босанатын уақыты келгенде Тамардың егіз туатыны белгілі болды. 28Ол босанып жатқан кезде алдымен біреуінің қолы шықты. Босандырушы әйел бір қызыл жіпті алып, қолға байлап: «Бұл бірінші болып шықты», — деді. 29Бірақ ол қолын қайта тартып алып, оның сыңары бірінші болып туды. Босандырушы әйел таңғалып: «Сен қалайша бұзып-жарып бірінші боп шықтың?» — деді. Сондықтан оған Парес («Бұзып-жарушы») деген ат қойды. 30Одан кейін қолына қызыл жіп байланған інісі де туды. Оны Зарах («Қызыл», «Таң шапағы») деп атады.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Жаратылыстың баст. 38