YouVersion Logo
Search Icon

Жохан 13

13
1Құтқарылу мейрамы жақындап қалған еді. Иса бұл әлемнен Әкесіне қарай өтетін уақытының таяп қалғанын біліп, осы дүниедегі адамдарды Өзінің де сүйіетінін оларға білдіру үшін, оларға деген Өзінің сүйіспеншілігін ақырына дейін көрсетті.
2Кешкі ас кезі еді, Шимон Исқариоттың ұлы Яһуданың жүрегіне Исаны ұстап беру туралы ойды сайтан әлдеқашан салып қойған болатын.
3Иса Әкесінің Оған бәрін беріп қойғанын және Ол Өзінің Құдайдан келгенін, енді қайтадан Құдайға баратынын білді.
4Сондықтан Иса кешкі ас кезінде орнынан тұрып, (сыртқы) киімін шешіп, жерге қойды да, сүлгіні алып, беліне байлады.
5Содан кейін жуынуға пайдаланатын ыдысты алып, су құйып, шәкірттерінің алдына қойып, олардың аяқтарын жуды. Олардың аяқтарын беліне байлаған сүлгімен сүрте бастады.
6Иса Шимон Петірге жақындағанда ол: -Ием, Сен менің аяғымды жумақсың ба? - деді Оған.
7Иса оған: -Дәл қазір сен Менің не істеп жатқанымды білмейсің, мұның мәнін сен кейін түсінетін боласың, -деп жауап берді.
8Петр Оған: -Жоқ! (Мәңгілікте) Сен менің аяғымды ешқашан жумайсың! -деді. Сонда Иса оған: -Егер де Мен сені жумайтын болсам, онда сен Менің бір бөлігім бола алмайсың, - деді.
9-Ием, онда тек аяғымды ғана емес, қолымды да, басымды да жуып берші, - деді Шимон Петір Оған.
10-Жуынған адамның аяғынан басқа жерін енді жуудың қажеті жоқ, себебі ол толығымен тазаланды, міне, сендер де таза болдыңдар, бірақ та бәрің емес, - деді.
11Ол Өзін кімнің ұстап беретінін білгендіктен: «Бәрің таза емессіңдер», - деген болатын.
12Иса олардың аяқтарын жуып болған соң, киімдерін киіп, қайтадан Өз орнына келіп жайғасты да, олардан: -Менің сендерге не істегенімді білесіңдер ме? -деп сұрады.
13Сендер Мені «Ұстаз» әрі «Ием» дейсіңдер, бұлай айтқандарың дұрыс, Мен - нақты Соның Өзімін.
14Егер де Мен сендердің аяқтарыңды Иелерің әрі Ұстаздарың болғаным үшін жусам, сендер де бір-біріңнің аяқтарыңды дәл солай жуып тұрыңдар.
15Менің осы істегенімді сендер де бір-біріңе істесін әрі Менің осы ісім сендерге үлгі болсын деп көрсеттім.
16Сендерге шындықты, тек шындықты айтамын: құл өзінің қожайынынан жоғары болған емес, елші де өзін жібергеннен жоғары бола алмайды.
17Егер осыны біліп жүрсеңдер және дәл осылай істейтін болсаңдар, сендер бақыттысыңдар.
18Мен дәл осы сәтте сендердің барлығың туралы айтып тұрған жоқпын. Мен Өзімнің таңдап алғандарымның кімдер екенін білемін. Алайда Жазбадағы: «Менің нанымды жеген (адам) Маған қарай өзінің өкшесін көтерді», -деп айтылған сөз орындалуы тиіс.
19Бірақ бұл әлі орындалған жоқ, сонда да осы туралы сендерге алдын ала айтып тұрмын, бұл орындалып, іске асқан кезде сендер Менің нағыз Сол екеніме сенсеңдер екен деймін.
20Сендерге шындықты, тек қана шындықты айтып тұрмын: егер де кімде-кім Мені Жібергенді қабылдаса, онда ол Мені қабылдайды, ал кім Мені қабылдаса, онда Мені Жібергенді де қабылдайды, - деді.
21Иса осылай деген соң, Оның рухы мазасыз күйге түсті. Сол кезде Ол: -Сендерге шындықты, тек қана шындықты айтамын: сендердің араларыңдағы біреу Мені ұстап береді, -деп куәлік етті.
22Алайда шәкірттері Оның кім туралы айтып тұрғанын түсінбей, бір-біріне қарады.
23Исаның Өзі жақсы көретін шәкіртінің бірі Оның кеудесіне басын қойып, жантайып жатқан болатын.
24Соған Шимон Петр: «Ол Кім туралы айтып тұр?» деп біліп беруін ымдап, оған белгі берді.
25Сонда әлгі Исаның кеудесіне (басын) сүйеп жатқан шәкірті Исаға: - Ием, ол кім? - деп сұрады.
26-Мен нанды үзіп алып, кімге батырып берсем, олсоның өзі, -деп жауап берді Иса. Содан кейін Иса үзілген нанды алып, оны Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға берді.
27Сол бір үзім нанмен бірге оның бойына сайтан кіріп алды. -Не істегің келіп еді, соны тезірек істе! -деді Иса Оған.
28Бірақ сол жерде жантайып жатқандардың ешқайсысы да Исаның осыны не үшін айтқанын түсінбеді.
29Тек кейбіреулері ғана қаржы салатын қобдиша Яһудада болғандықтан, Иса оған мейрамға қажетті нәрселерді сатып алуды немесе кедейлерге ақша беруді айтқан болар деп ойлады.
30Ал Яһуда үзілген нанды ала салып, сол мезетте сыртқа шығып кетті. Бұл түн ортасы болатын.
31Ол шығып кеткен соң Иса: -Дәл қазір Адамның Ұлы даңққа бөленді, енді Ол арқылы Құдай да даңққа бөленді.
32Егер де Ол Құдайды даңққа бөлесе, енді Құдай да Оны даңққа бөлейді, Оны сол сәтте-ақ даңққа бөлейтін болады.
33Балаларым, Мен сендермен енді аз ғана уақыт бірге боламын. Мені іздейтін боласыңдар, Мен яһудейлерге: «Мен баратын жерге сендер бара алмайсыңдар», -деп айтқан едім, енді соны сендерге де айтып тұрмын.
34Сендер бір-біріңді сүйіп, сүйіспеншілікте жүрсін деп, осы бір жаңа өсиетті сендерге беріп тұрмын. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді дәл солай сүйіңдер.
35Міне, сонда сендердің бір-біріңе көрсеткен сүйіспеншіліктерің арқылы Менің шәкірттерім екендерің білінетін болады, - деді.
36Сонда Шимон Петр Оған: -Ием, сонда Сен қайда барасың? -деді. Иса оған: -Мен баратын жаққа, сен қазір еріп бара алмайсың, тек кейінірек келесің, - деді.
37-Ием, не үшін мен қазір Сенімен еріп бара алмаймын? Өмірімді Сен үшін қиюға дайынмын! - деді Петр Оған.
38Иса оған: -Өмірімді Мен үшін қиюға дайынмын дейсің бе? Саған шындықты, тек қана шындықты айтамын: әтеш шақыратын уақытқа дейін, сен Менен үш рет танып, бас тартасың, - деп жауап берді.

Currently Selected:

Жохан 13: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in