YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 15

15
1Барлық салық жинаушылар мен күнәкарлар Исаны тыңдау үшін, Оған жақындап келе бастады.
2Фарисейлер мен Таурат заңын зерттеушілер: «Бұл күнәкарларды қабылдайды және олармен бірге тамақ ішеді», - деп күңкілдесіп кетті.
3Сол кезде Иса оларға мына бір астарлы әңгімені айтып берді.
4-Сендердің біреулеріңнің жүз қойың бар дейік, егер солардың біреуі жоғалып кететін болса, тоқсан тоғыз қойды сол елсіз жерге қалдырып, жоғалып кеткен қойын тауып алу үшін, оны іздемей ме?
5Тауып алған соң, қуанғанынан оны иығына салып алып,
6үйіне келеді де, достары мен көршілерін шақырып алып, оларға: «Менің қуанышыма ортақ болыңдар, мен жоғалып кеткен қойымда тауып алдым», - дейтін еді.
7Сондықтан сендерге айтарым: тәубе еткісі келмейтін тоқсан тоғыз әділдерден гөрі, тәубеге келетін бір күнәкардың өзіне көкте де дәл сондай қуаныш болады.
8-Немесе бір әйелдің он күміс ақшасы (драхма) болды дейік, егер ол сол күміс ақшаның біреуін жоғалтып алса, ол үйінің шамын жағып қойып, соны тауып алғанша үйін сыпырып, жанын салып іздемей ме?
9Оны тауып алған соң, құрбылары мен көршілерін шақырып: «Мен жоғалтып алған күміс ақшамды (драхманы) тауып алдым, сондықтан келіңдер, менің қуанышыма ортақ болыңдар», - дейтін болады.
10Сондықтан сендерге айтарым: Құдайдың періштелерінің алдында тәубе еткен бір күнәкар үшін де дәл осындай қуаныш болады, - деді.
11-Бір адамның екі ұлы болыпты, -деп Иса одан әрі жалғастырды.
12Кіші ұлы әкесіне келіп: «Әке, маған мұраңнан өзіме тиісті бөлігін бер», -дейді. Сонда Әкесі ұлдарына бәрін бөліп береді.
13Біраз күн өткен соң, оның кіші ұлы керек-жарағының бәрін жинап алады да, алыс бір елге кетеді. Сол жерде ол бар мұрасын қалай болса солай шашып, азғындықпен өмір сүре бастайды.
14Ол барлығын әбден жұмсап бітіргенде, сол елде қатты ашаршылық басталады да, ол мұқтаждық көре бастайды.
15Сонда ол сол елдің бір азаматына барып жабыса жалбарынады, сонда ол өз жеріндегі шошқаларын баққызып қояды.
16Сол кезде ол: «Тым болмаса, сол шошқалар жейтін қабықтарды жеп, қарнымды тойғызсам», -деп армандаумен жүреді, алайда соның өзін оған ешкім де бермейді.
17Сонда ол: «Менің әкемнің құлдары көп, алайда олар нандарын молынан тауып жейді, ал мен болсам аштықтан өлейін деп жүрмін», - деп ойланып, өз-өзіне келіп:
18«Қой, одан да өзімнің әкеме барып, оған: «Әке, мен Көктегіге де, саған да қарсы күнә жасадым,
19сондықтан мен өзімді сенің ұлыңмын деп атауға да лайықты емеспін, сол үшін мені өзіңнің жалшыларыңның бірі ретінде қабылдай гөр», - деп айтайын.
20Осыдан кейін ол тұрып, өзінің әкесіне баруға бет алады. Әкесі болса, оның сонау алыста келе жатқанын көріп, жаны ашиды, оған қарсы жүгіріп, мойнынан құшақтап, сүйеді.
21Сол кезде ұлы Оған: «Әке, мен Көктегіге де және өзіңе де қарсы күнә жасадым, сондықтан мен сенің ұлың болуға лайықты емеспін», - дейді.
22Сонда әкесі өзінің құлдарына: «Ең жақсы шапанның бірін алып келіп, оған кигізіңдер, тезірек барыңдар! Қолына жүзік, аяғына аяқ киім беріңдер.
23Содан кейін бордақыланған өгізді әкеліп сойыңдар, сөйтіп, той жасап, көңіл көтерейік.
24Өйткені менің мына ұлым өлген еді, міне, енді тірілді, жоғалған еді, міне, табылды!». Сөйтіп, олар көңіл көтере бастайды.
25Оның үлкен ұлы осы кезде далада жүрген болатын, ол үйіне жақындап келгенде, сыртқа шыққан әуенді ән мен көңілді отырыстың даусын естиді.
26Қызметшілерінің біреуін шақырып алып, не болып жатқанын сұрайды.
27«Сенің інің қайтып келді, -дейді оған қызметшісі, -сенің әкең оның солай аман-сау қайтып келгені үшін, бордақыланған өгізшесін сойды», - дейді.
28Бұған ашуланған үлкен ұлы үйге кіргісі келмейді. Сонда әкесі сыртқа шығады, үйге кіруін өтінеді.
29Ол әкесіне былай дейді: «Міне, мен саған қаншама жыл қызмет еттім, ешқашан сенің өсиетіңді бұзған емеспін. Маған достарыммен көңіл көтеруге бір лақ та берген жоқсың.
30Ал мына сенің ұлың байлығыңды азғын әйелдерге шашып, оны ішіп-жеп бітірген соң, қайтып келген кезде, бордақыланған өгізшеңді соған бола сойып тастадың!»
31«Балам, сен әрқашан да менімен біргесің, -деді сол кезде әкесі, - сондықтан мендегінің бәрі де сенікі.
32Бірақ біз қазір көңілімізді көтеріп, қуануымыз керек, өйткені сенің бауырың өлі болған еді-енді ол тірілді, ол жоғалған еді - енді ол табылды!»

Currently Selected:

Лұқа 15: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in