YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 16

16
1Иса өзінің шәкірттеріне былай деді: -Бір бай адамның үй басқарушысы болыпты, сонда оған байдың дүние-мүлкін шашып, ысырап қылды деген айып тағылады.
2Осыдан кейін әлгі бай адам үй басқарушысын шақырып алып: «Мен сен жайында не естіп жүрмін? Үйді қалай басқарып келгенің жөнінде есеп бер, бұдан былай енді сен үй басқарушысы бола алмайсың», - дейді.
3Сонда әлгі үй басқарушысы өзіне-өзі: «Енді не істесем екен? Қожайыным менен үй басқару міндетін алып қойды. Жер қаза алмаймын, қайыр тілеу-ұят нәрсе.
4Мен осы үй басқару міндетінен босатылғаннан кейін, не істейтінімді білемін, -дейді өзіне-өзі, -олар мені өз үйлеріне қабылдайтын болады».
5Өзінің қожайынына қарыз болып жүрген адамдарды бір-бірден өзіне шақырып алып, біріншісіне: «Менің қожайыныма сен қанша қарызсың?» - деп сұрайды.
6«Жүз күбі май», -дейді ол. Сонда ол: «Тез отыр да, мына қолхатыңды ал, оған елу күбі деп жазып бер», -дейді.
7Осыдан кейін ол басқасына да: «Ал сенің қанша қарызың бар?» -дейді. Сонда ол: «Жүз қанар бидай», -дейді ол. Оған да: «Мына қолхатыңды ал да, оған сексен қанар деп жазып бер», - дейді.
8Сөйтіп, қожайыны әлгі әділетсіз үй басқарушысының осы тапқырлығы үшін оны мақтайды, өйткені осы заманның ұлдары нұрдың ұлдарына қарағанда, өз ісінде өте тапқыр болады.
9Ал Мен сендерге былай деймін: осы әлемдегі байлық әділетсіздік туғызады, ал сендер сол байлықты тиімді пайдаланып, өздеріңе адал болатын достарды тауып алыңдар, өйткені сендердің байлықтарың сарқылса да, олар сендерді өздерінің мәңгілік тұрағына қабылдайтын болады.
10Кім кішкентай нәрседе (істе) сенімді болса, сол үлкен нәрседе де сенімді болады, ал кім кішкентай нәрседе сенімсіз болса, ол үлкен нәрседе де сенімсіз болады.
11Егер де сол әділетсіз байлықтың өзіне адал болмасаңдар, сендердің адал екендіктеріңе кім сенеді?
12Егер де басқа біреудің өздеріңе сеніп тапсырған затына адал болмасаңдар, сендерге қажет нәрсені кім береді?
13Ешқандай қызметші екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды, өйткені біреуін жек көріп, ал екіншісін жақсы көретін болады немесе бірін қолдаса, екіншісіне немқұрайлы қарайтын болады. Сондықтан Құдайға да, байлыққа да бірдей қызмет ете алмайсыңдар.
14Ал осының бәрін естіп тұрған ақшақұмар фарисейлер Исаны мазақтап, Оған күліп тұрды.
15Сонда Иса оларға: -Сендер өздеріңді адамдардың алдында әділетті етіп көрсетіп жүрсіңдер, алайда Құдай сендердің жүректеріңде не бар екенін біледі. Өйткені адамдар нені жоғары бағаласа, сол Құдайдың алдында жексұрын нәрсе болып табылады.
16-Жақияға дейін Заң да болды, пайғамбарлар да болды. Одан кейін Құдайдың патшалығы жайында Ізгі хабар да жарияланды, енді оған кіру үшін әркім өзінше күш салып жатыр.
17Алайда заңның бір сызығы жойылып кеткеннен гөрі, аспан мен жердің жойылып кетуі оп-оңай болады.
18-Кімде-кім өзінің әйелінен ажырасып, басқа біреуге үйленетін болса, сол неке адалдығын бұзады, кімде-кім күйеуінен ажырасқан әйелге үйленетін болса, ол да неке адалдығын бұзады.
19-Бір кездері үстіне қызыл матадан қымбат шапан мен қымбат көйлек киіп, өмірінің әр күнін керемет той-думанмен өткізетін бір бай адам өмір сүріпті.
20Оның қақпасының алдына үсті-басының бәрін жара басқан Елазар атты бір кедейді әкеліп тастайды екен.
21Ол, тым болмаса, әлгі байдың дастарқанынан түскен қоқымдарын жеп тойынуды армандайды. Сол жердің иттері келіп, оның жараларын жалап кетеді екен.
22Уақыты келіп, әлгі кедей қайтыс болады, сонда періштелер оны алып, төрдегі Ыбырайым пайғамбардың қасына жайғастырады. Біраздан кейін әлгі бай да қайтыс болады, оны да апарып қабірге қояды.
23Сонымен, әлгі бай тозақта жатқандықтан, қинала бастайды да жан -жағына көз салады, сонау алыстан төрде Ыбырайымның қасында отырған Елазарды көреді.
24Сонда бай дауыстап: «Ыбырайым әке, мені аяшы, анау Елазарды бері жіберші. Ол саусағын суға малып, менің тілімді салқындатсыншы, өйткені мен мына оттың табына шыдай алмай қиналып жатырмын», - дейді.
25Сол кезде Ыбырайым оған: «Балам, сен өмірдегі бар жақсылықты тек өзің ғана алдың, ал Елазар тек жаманшылықты алғанын есіңе түсірші. Қазір ол осында жұбаныш алып жатса, сен қиналып жатырсың.
26Оның үстіне сендер мен мына біздің екі ортамызда үлкен шыңырау жатыр, сол шыңыраудан бізден сендерге барғысы келгендер өте алмайды және ол жақтан бізге өткісі келгендер де өте алмайды», - дейді.
27Сонда бай: «Әке, сенен өтінемін, онда Елазарды менің әкемнің үйіне жіберші.
28Себебі менің бес бауырым бар, олар да осындай азапталатын жерге келмеуі үшін, ол соларға барып, өз куәлігімен бөліссін», - дейді.
29Ыбырайым оған: «Мұса мен пайғамбарлардың Жазбалары бар емес пе? Олар солардың айтқандарын тыңдасын», - дейді.
30«Жоқ, Ыбырайым әке, -дейді бай, -егер оларға осы өлгендердің біреуі барса, сонда ғана олар тәубе ететін болады», - дейді.
31Сол кезде Ыбырайым оған: «Егер де олар Мұса мен пайғамбарлардың айтқанын тыңдамаса, олар өлімнен тіріліп барғандардың біреуіне де сенбейді», - дейді.

Currently Selected:

Лұқа 16: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Лұқа 16