YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 17

17
1Иса Өзінің шәкірттеріне былай деді: -Азғырылуға еріп, күнәнің жетегінде жүретін кездің болмауы мүмкін емес, алайда сол азғырылу кімнен келсе, сол қасіретке қалады.
2Егер де мына бір кішкентайлардың біреуін азғырып, оларды жолдан тайдыратын болса, онда оның мойнына диірменнің тасын байлап, теңізге лақтырып тастаса, оған сол пайдалы болар еді.
3Өздеріңе өздерің сақ болыңдар! Егер де бауырың күнә жасап жатса, оған ескерту жаса, ал тәубеге келсе, оның күнәсін кешір.
4Егер ол күніне жеті рет саған қарсы күнә жасап, жеті рет саған келіп, өкініп: «Тәубе етемін», -десе, оны кешір.
5Бірде Оның елшілері Иемізге: -Біздің сенімімізді өсіре гөрші! - дейді.
6Сонда Иеміз оларға: -Егер сендерде қышаның дәніндей сенім болса, онда мына тұрған тұт ағашына: «Тамырыңмен жұлынып, теңізге барып отырғызылатын бол!» -десеңдер, ол сендерге бағынушы еді.
7-Сендердің кейбіреулерің жер жыртып немесе мал бағып даладан келген құлыңа: «Тез бар да, дем ал», -деп айтудың орнына:
8«Кешкі асты дайындап, мен ішіп-жеп болғанша, беліңді буып, маған қызмет көрсет. Содан кейін өзің ішіп-жерсің», -демейсің бе?
9Сонда ол құлына өзінің осы бұйрықтарын орындағаны үшін алғыс айта ма?
10Сол себепті сендер де өздеріңе бұйырғандардың бәрін солай орындайтын болсаңдар: «Біз-алғыс алуға тұрмайтын құлмыз, себебі біздің міндетіміз-тек бізге бұйырғанды ғана орындау, біз соны істеуге тырысып жүрміз», -деп айтатын болыңдар.
11Осыдан кейін Иса әрі қарай Иерусалимге бармақ болды, сондықтан Оған Самария мен Ғалилея өлкесінің ортасынан кесіп өтуге тура келді.
12Сөйтіп, Иса бір ауылға кірген кезде, алапеспен ауыратын он ер адам Оған кездесті, сонда олар алыста тұрып,
13қатты дауыстап: -Тәлімгер Иса, бізге аяушылық ете гөрші! - дейді.
14Сонда Иса оларға: -Құдайдың үйіндегі қызметкерлерге барып, өздеріңді көрсетіңдер, -дейді. Олар жолда кетіп бара жатқан кезде, алапес ауруынан тазарып, сауығып кетеді.
15Алайда олардың арасынан біреуі өзінің сауыққанын көріп, бар дауыспен Құдайды мадақтаған күйі қайтадан кері оралады.
16Исаның аяғына етпеттеп жығылып, Оған алғыс айтты. Ол адам самариялық болатын.
17-Тазаланғандар он адам емес пе еді? -деп сұрады Иса, -қалған тоғызы қайда?
18Басқалары да мына жат жерлік секілді қайтып келіп, Құдайды мадақтай алмағаны ма? - деді.
19-Енді орныңнан тұрып бара бер, сені сенімің құтқарды, -дейді Иса самариялыққа.
20Фарисейлер жақтан келгендер Исадан Құдай патшалығының қашан келетіні туралы сұрады. Иса оларға былай деп жауап берді: -Құдай патшалығы көзге көрінетіндей болып келмейді.
21Ешкім де оны: «Әне, Ол ана жерде» немесе «Ол, міне, мына жерде» деп те айта алмайды, өйткені Ол мына сендердің іштеріңде (араларыңда) болады, - деді.
22Одан кейін Иса тағы да Өзінің шәкірттеріне: -Адамның Ұлын тым болмаса, күндердің бір күні көрсек деп армандайтын боласыңдар, алайда оны көре алмайсыңдар,
23Сол кезде сендерге: «Әне, Ол ана жерде!» немесе «Міне, Ол мына жерде!» деп айтатын болады, сол кезде оларға бармаңдар және не артынан ілеспеңдер.
24Өйткені Адам Ұлының келетін күні аспанның ана шеті мен мына шетіне дейін жарқ еткен найзағайдың жарқылына ұқсас болады.
25Алайда Ол, ең алдымен, көп азап шегуі және осы ұрпақ Одан бас тартуы тиіс.
26Нұхтың кезіндегі күндер қандай болса, Адам Ұлының келетін кезінде күндер дәл солай болады.
27Нұх кемеге кіретін күнге дейін де адамдар ішіп-жеп, үйленіп, тұрмыс құрды. Содан кейін топан су басып, олардың бәрін құртып жіберді.
28Луттың кезінде де сондай болды. Адамдар ішіп-жеп, сауда жасап, алып-сатып, егін егіп, үй тұрғызды.
29Алайда Лут Содомнан шыққан күні аспаннан жаңбырша жауған от пен күкірт олардың бәрін құртып жіберді.
30Сол сияқты Адам Ұлы қайта келіп, Оның осы әлемге көрінетін күні де осыған ұқсас болады.
31Егер де сол күні біреу үйдің төбесінде болып, заттары үйде қалып қойса, ол соларды аламын деп төмен түспесін. Сол секілді кім далада жүрген болса, өз үйіне қайта оралмасын.
32Луттың әйелімен болған оқиға естеріңде болсын.
33Егер де біреу өз жанын сақтап қаламын деп тырысатын болса, ол одан айырылады, ал кім Мен үшін жоғалтатын болса, ол оны сақтап қалады.
34Сендерге айтарым: сол түні төсекте жатқан екеудің бірі алынып, екіншісі қалдырылатын болады.
35Диірменнің басында бірге отырған екі әйелдің біреуі алынып, екіншісі қалдырылатын болады.
36Екеуі далада болса, оның бірі алынып, ал екіншісі қалдырылатын болады.
37Сонда олар Исадан: -Ием, бұл қашан болады? -деп сұрайды. Иса оларға: - Өлексе қайда болса, құзғындар да сол жерге жиналатын болады, - деп жауап берді.

Currently Selected:

Лұқа 17: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in