YouVersion Logo
Search Icon

Матай 26

26
1Иса сөзін аяқтағаннан кейін, шәкірттеріне былай деді:
2-Сендер екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы болатынын білесіңдер, сонда Адамның Ұлын айқышқа шегелеу үшін ұстап береді.
3Сол кезде Қайафа атты бірінші бас қызметкердің ауласына бас қызметкерлер мен елдің ақсақалдары жиналды.
4Олар бірге кеңесіп, Исаны қулықпен ұстап алып, өлтірмек болып шешті.
5Бірақ олар: -Халықтың арасында бүлік шығып кетпесін, мұны мейрам кезінде істемеу керек, - десті.
6Иса Бетанияда алапеспен ауыратын Шимонның үйінде болған еді.
7Қыш ыдысқа өте қымбат мира майын құйып алған бір әйел жақындап келіп, оны жантайып жатқан Исаның басына құя бастады.
8Мұны көрген шәкірттері: -Мұндай ысырапшылдықтың не керегі бар?
9Мұны қымбат бағаға сатып жіберіп, кедейлерге беруге болатын еді ғой, - деді.
10Мұны байқаған Иса оларға: -Неге әйелді жазғырып тұрсыңдар? Ол Маған жақсылық жасап жатыр.
11Өйткені кедейлер әрқашан да сендердің араларыңда, ал Мен әрқашан сендермен бірге болмаймын.
12Ол Менің денеме осы мира майын құйып, Мені жерлеуге дайындады.
13Сендерге шындықты айтайын: бүкіл әлемде, осы Ізгі хабар жарияланған жерде, мына әйелдің істеген ісін еске алып, айтатын болады, - деді.
14Сол кезде Яһуда Исқариот есімді он екі шәкіртінің бірі бірінші бас қызметкерлерге барып:
15-Мен Оны сендерге ұстап берсем, маған не бересіңдер? -деді. Олар отыз күміс теңгені оған ұсынды.
16Ол сол кезден бастап, Оны ұстап берудің ыңғайлы сәтін іздей бастады.
17Ашымаған нан мейрамының бірінші күні Исаға шәкірттері келіп: -Құтқарылу мейрамында Саған жейтін тамақты қай жерге дайындағанымызды қалайсың? - деді.
18Сонда Иса оларға былай деді: -Қалаға барып, сол бір адамға: «Ұстазымыз уақыттың жақындағанын айтты және Ол Өз шәкірттерімен бірге Құтқарылу мейрамын сенің үйіңде атап өткізгісі келеді», - деп айтыңдар.
19Сөйтіп, шәкірттері Құтқарылу мейрамының тамағын Иса оларға тапсырғандай дайындады.
20Кеш батқанда Иса он екі шәкіртімен бірге үстел жанында жантайып жатты.
21Тамақ ішіп отырғанда Иса оларға: -Сендерге шындықты айтамын: сендердің араларыңдағы біреу Мені ұстап береді, -деді.
22Бұған қатты күйзелген олар: -Сол мен емеспін бе, Ием? - деп әрқайсысы Исадан сұрай бастады.
23Иса оларға: -Менімен бірге кім қолын табаққа салса, сол Мені ұстап береді.
24Адам Ұлы Өзі туралы Жазбада қалай жазылса, солай жүріп келеді. Бірақ Адам Ұлын ұстап берген адам қасіретке қалады, сол адамның мүлдем туылмағаны жақсы болар еді, - деді.
25Оны ұстап бермекші болған Яһуда да: -Ұстаз, сол мен емеспін бе? -деп сұрады. -Мұны Өзің айтып тұрсың, -деді Иса.
26Олар тамақ ішіп отырған кезде, Иса нанды алып, бата берді де, шәкірттеріне бөліп беріп: -Мынадан алып жеңдер, бұл - Менің денем, - деді.
27Содан кейін тостағанды алып, ризашылығын білдіріп, шәкірттеріне: - Мынадан да бәрің ішіңдер,
28өйткені көптеген адамдардың күнәларын кешіру үшін, бұл - жаңа келісім ретінде төгілетін Менің қаным.
29Сендерге айтарым: Менің Әкемнің Патшалығында сендермен бірге жаңасын ішетін уақытқа дейін, осы жүзім бұтасының жемісінен татпаймын, - деді.
30Содан кейін олар мадақтау жырын айтып, Зәйтүн тауына көтерілді.
31Сонда Иса оларға: -Сендер осы түні бәрің Менен бас тартып кетесіңдер, өйткені: «Бақташысын ұрып өлтіремін, сонда отардағы қойлары бытырап кетеді», -деп жазылған.
32Алайда қайта тірілген соң, Мен сендерден бұрын Ғалилеяға барамын, - деді.
33Петір: -Егер де Сенен бәрі бас тартып кететін болса да, Мен сенен ешқашан бас тартпаймын, -деп жауап берді.
34Иса оған: -Саған шындықты айтайын: осы түні әтеш шақырмай тұрып, сен Менен үш рет танасың, - деді.
35Петр Оған: -Егер маған Сенімен бірге өлу керек болса да, Сенен танбаймын, -деді. Басқа шәкірттері де осыны айтты.
36Осыдан кейін Иса олармен бірге Гетсимани деген жерге келген соң, шәкірттеріне: -Мен барып сиынып келейін, осы жерде отыра тұрыңдар, - деді.
37Ол Өзімен бірге Петір мен Зебедейдің екі ұлын ертіп алды. Ол күйзеліп, қатты қинала бастады.
38-Менің жаным күйзеліп, өлім алдында тұр, осында Менімен бірге қалыңдар әрі сергек болыңдар, -деді оларға.
39Одан кейін сәл алға жүрді де, етпетінен жығылып, былай деп сиынды: -Әкетайым Менің, егер де мүмкін болса, осы тостаған Менен айналып өтсінші, алайда Менің қалауым емес, тек Сенің қалауың болсын.
40Сөйтіп, шәкірттеріне келгенде, олардың ұйықтап жатқандарын көріп, Петірге: -Сендер, тым болмаса, бір сағат сергек болып, Менімен бірге отыра алмадыңдар ма?
41Азғырылуға берілмеу үшін, сергек болып сиыныңдар, өйткені рух дайын болғанымен, тән әлсіз, - деді.
42Осыдан кейін екінші рет тағы барып, былай деп сиынды: -Әкетайым Менің, егер де сол азап шегу тостағаны Мен ішпей айналып өтпейтін болса, онда Сенің еркің орындалсын, - деді.
43Қайтып келгенде, шәкірттерінің әлі ұйықтап жатқандарын көрді, өйткені оларды ұйқы басқан еді.
44Оларды қалдырды да, Иса үшінші рет тағы сол сөздермен сиынды.
45Содан кейін шәкірттеріне қайтып келіп: -Демек, ұйықтап, демалып жатырсыңдар ма? Міне, Адам Ұлын күнәкарлардың қолына ұстап беретін уақыт таяп қалды, -деді.
46-Міне, Мені ұстап беруші жақындап қалды. Тұрыңдар, жүрейік, - деді.
47Ол әлі де сөйлеп тұрған кезде, он екі шәкіртінің бірі Яһудамен бірге бірінші бас қызметкерлер мен елдің ақсақалдары атынан жасақталған үлкен топ та келіп жетті.
48Сонда ұстап беруші келіскен белгі бойынша: -Мен кімді сүйсем, Ол-Соның Өзі, Оны ұстап алыңдар, -деп алдын ала айтып қойған болатын.
49Ол сол сәтте Исаға жақын келіп: -Ұстаз, амансың ба? -деп Оны сүйді.
50Иса оған: -Достым, осыған бола келдің ғой, -деді. Сол сәтте олар Исаға жақындап, қолынан ұстап алды.
51Сонда Исамен бірге болғандардың бірі семсерін суырып алды да, яһудей басшысының құлына сілтеп қалып, оның құлағын шауып түсірді.
52Сонда Иса: -Семсеріңді орнына сал, семсер ұстағандардың бәрі семсерден өледі.
53Әкемнен он екі легионнан артық періштелерін жіберуін сұрай алмайды деп ойлайсың ба?
54Солай істейтін болсам, Жазбада осылай болуға тиіс деп айтылғандар қалай орындалады? - деді.
55Содан кейін Иса әлгі топталып тұрғандарға: -Сендер Мені ұстау үшін семсермен және найзамен қаруланып, қарақшыға қарсы шыққандай келдіңдер ме? Күнде ғибадатханада тәлім беріп отырғанымда Мені ұстамадыңдар.
56Демек, осының бәрі пайғамбарлардың Жазбалары орындалуы үшін дәл осылай болды, -деді. Сол сәтте шәкірттерінің бәрі Оны тастап, қашып кетті.
57Исаны ұстап алғандар Оны бірінші бас қызметкер Қайафаға алып барды, сол жерде Таурат заңын зерттеушілер мен ақсақалдар да жиналған болатын.
58Петір Оның артынан алыстау жүріп отырып, бірінші бас қызметкердің ауласына дейін ілесіп барды. Соңына дейін не болатынын көру үшін ішке кіріп, күзетшілермен бірге отырды.
59Бірінші бас қызметкерлер мен бүкіл жоғарғы кеңестің өкілдері (синедерион) Исаны өлтіру үшін, Оған қарсы жалған куәгерлерді іздестірді.
60Алайда келген көпшілік арасынан ешқандай да жалған куәлік берушілерді таба алмады. Ең соңында екеуі келіп:
61-Бұл Адам: «Құдайдың ғибадатханасын бұзып, үш күнде тұрғыза аламын», - деді.
62Сонда бірінші бас қызметкердің бірі орнынан тұрып: -Ешқандай жауабың жоқ па? Мына екеуі Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? - деді.
63Иса үндеген жоқ. Сонда әлгі бірінші бас қызметкер Оған: -Тірі Құдайдың атымен ант етіп сұраймын, егер Сен Құдайдың Ұлы Мәсіх болсаң, соныңды бізге айт, -деді.
64Иса: -Сен өзің айтып тұрсың! -деді оған, -бірақ сендерге айтамын: «Осы уақыттан бастап, Адам Ұлының Құдіреті Күштінің оң жағында отырғанын және Оның көкте бұлттарда келе жатқанын көресіңдер!» - деді.
65Сонда бірінші бас қызметкер өз киімін айыра жыртып жіберіп: -Құдайға тіл тигізіп тұр! Енді куәгерлердің қажеті қанша? Қараңдар, қазір ғана тіл тигізгенін сендер естідіңдер!
66Енді қалай ойлайсыңдар? -деді. Олар: -Өлуге тиіс, -деп жауап берді.
67Сол кезде Исаның бетіне түкіріп, жұдырықпен ұрып, кейбіреулері Оны шапалақпен соғып:
68-Мәсіх, пайғамбар болсаң, бізге айтшы! Кім Сені ұрды? -деп сұрады.
69Петір ауланың сыртында отырған болатын, сонда Оған бір қызметші әйел келіп: -Сен де ғалилеялық Исамен бірге болғансың, - деді.
70Петір бәрінің көзінше: -Не айтып тұрғаныңды білмеймін, - деп мойындамады.
71Оның қақпадан шығып бара жатқанын көрген сол жердегі басқа бір әйел де: -Бұл да Назареттік Исамен бірге болған, - деді.
72Сонда Петір тағы да: -Ол адамды білмеймін, -деп қарсылық білдірді.
73Біраз уақыт өткен соң, сол жерде тұрған басқа адамдар Петірге жақындап келіп: -Шынымен, сен де солардың бірісің, өйткені сенің сөйлегеніңнен-ақ анық көрініп тұр, -деді.
74Петір тағы да: -Мен бұл адамды білмеймін, -деп антсу ішті. Сол сәтте әтеш шақырды.
75Сол кезде Исаның: «Әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың», -деп айтқан сөзі Петірдің есіне түсті. Сонда ол сыртқа шығып, қатты өкініп жылады.

Currently Selected:

Матай 26: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in