YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 15

15
1Таңертең ерте бірінші бас қызметкерлер мен ақсақалдар және Таурат заңын зерттеушілер, жоғарғы кеңесшілер алқасы бәрі бірігіп, шешім шығарған соң, Исаны байлап, Пилаттың қолына апарып тапсырды.
2Сонда Пилат Исадан: -Сен яһудейлердің Патшасысың ба? -деп сұрады. -Сен өзің осылай айтып тұрсың, -деп жауап берді Иса.
3Бірінші бас қызметкерлер Исаға көптеген айыптаулар тақты.
4Сонда Пилат Одан тағы да сұрады: -Сонымен, Сен ешқандай да жауап бермейсің бе? Сені қаншама адам айыптап тұр, қара!
5Иса оған ешқандай да жауап қайтармады, бұл Пилатты таңғалдырды.
6Мейрам кезіңде халықтың сұрауы бойынша Пилат бір тұтқынды босатып жіберетін.
7Сол уақытта бүлік шығарған көтерілісшілермен байланысы болған және көтеріліс кезінде адам өлтірген Бараба есімді біреу тұтқында отырған болатын.
8Сол жерге жиналған халық Пилатқа келіп, одан олардың өтінішін орындауын талап етті.
9-Сендер Менің яһудейлердің Патшасын босатып бергенімді қалайсыңдар ма? - деп сұрады Пилат олардан.
10Ол бірінші бас қызметкерлердің Исаны қызғаныштан ұстап бергенін білетін.
11Бірақ бірінші бас қызметкерлер тек Барабаны ғана босатуды сұрауын алдын ала айтып, халықты дайындап қойған болатын.
12-Сонда сендер яһудейлердің Патшасы деп өздерің атаған Адамға менің не істегенімді қалайсыңдар? -деп олардан тағы сұрады.
13-Оны айқышқа шегеле! -деп олар тағы да айқай салды.
14-Ол қандай жамандық істеді? -деп сұрады Пилат олардан. Сонда олар одан бетер қатты дауыстап: -Оны айқышқа шегеле! - деп айқайлады.
15Осыдан кейін Пилат халыққа жағу үшін Барабаны босатып берді де, Исаны қамшымен дүрелетіп, айқышқа шегелеуге тапсырды.
16Жасақшылар Исаны ауланың ішкі жағындағы претория деп аталатын жерге алып барған соң, сол жердегі Римнің бүкіл әскери бөлімшесін сонда жинады. (600 адамдай).
17Бұдан кейін олар Исаға патшалар киетін қызылкүрең түсті шапан кигізіп, шомырттың тікенді бұтасынан өрілген тәжді Оның басына кигізіп қойды да:
18-Яһудейлердің Патшасы жасасын! -деп Оған сәлем бере бастады.
19Содан кейін қамысты таяқпен Оның басынан ұрды, Оның бетіне түкіріп, Оның алдына тізерлеп иіліп, тағзым еткен түр көрсетті.
20Сөйтіп, Оны әбден келемеждеп, жәбірлеп болған соң, олар Оның үстіндегі патшалар киетін қызылкүрең шапанды шешіп алып, Оған Өзінің киімдерін қайта кигізді де, Оны айқышқа шегелеу үшін ауладан алып шықты.
21Жол-жөнекей ауылдан келген, өзі киренейлік, Ескендір мен Руттың әкесі Шимон есімді біреуді ұстап алып, оны Исаның айқыш ағашын алып жүруге мәжбүрледі.
22Олар Исаны Ғолғота деген жерге алып келді. (Бұл сөз аударғанда «Маңдайтөбе» дегенді білдіреді.)
23Сол жерде Оған мираның ащы дәмі бар шарап ұсынды, бірақ Иса одан ішпеді.
24Сосын олар Исаны айқышқа шегелеп қойып, Оның киімдерін өзара бөліп алмақ болды да, кім не алатынын анықтау үшін, жеребе тастады.
25Исаны айқышқа уақыттың үшінші бөлігі (яғни таңғы сағат тоғыз) кезінде шегелеген болатын.
26Оған таққан айыпты, яғни, «Яһудейлердің Патшасы» деген жазуды, Оның бас жағына жазып, іліп қойды.
27Онымен бірге екі қарақшыны: біреуін Оның оң жағына, екіншісін Оның сол жағына айқышқа шегеледі.
28Осылайша, Жазбадағы: «Оны қылмыскерлердің қатарына жатқызатын болады», - деген сөз орындалды.
29Оның қасынан өткендер Оған тіл тигізіп, бастарын шайқап: -Сен ғибадатхананы қиратып, оны үш күнде қайта тұрғызамын деп едің,
30енді айқыштан түсіп, Өзіңді құтқарып ал! - десті.
31Бірінші бас қызметкерлер мен Таурат заңын зерттеушілер де бір-біріне: -Басқаларды құтқарды, ал Өзін-Өзі құтқара алмады, - деп Исаны мазақ қылды.
32-Егер де Бұл Өзі -Мәсіх, Өзі Исраилдің Патшасы болса, онда айқыштан түссін, біз соны көріп, сенетін боламыз, -десті. Исаның Өзімен бірге айқышқа шегеленгендер де Оған тіл тигізді.
33Сағат алтының кезінде (яғни түскі он екі) барлық жерді қара түнек басты. Сол қара түнек тоғызыншы сағатқа (яғни түстен кейінгі үшке) дейін созылды.
34Сағат тоғыздың (түстен кейінгі үш) кезінде, Иса қатты дауыстап: -Элой, Элой, лэма савахтани? -деді. (Мұның аудармасы: «Құдайым Менің, Құдайым Менің, Сен Мені не үшін қалдырып кеттің?» - деген мағына береді).
35Осыны естіген сол жерде тұрған кейбіреулер: -Ол Ілиясты шақырып жатыр! Тыңдашы! - деді.
36Біреу жүгіріп барып, қышқыл сірке суына сорғышты батырып алды да, оны ұзын таяқтың басына іліп, Оған ішкізіп тұрып: -Күте тұрайық, Ілияс Оны түсіріп алуға келер ме екен, соны көрейік, - деді.
37Иса қатты дауыстап, содан кейін жан тапсырды.
38Сол кезде ғибадатханадағы шымылдық жоғарыдан төмен қарай ортасынан қақ айырылып, екіге бөлінді.
39Исаға жақын және қарама-қарсы тұрған римдік жүзбасы Оның қалай жан тапсырғанын көргенде: -Бұл Адам, шынымен де, Құдайдың Ұлы болған екен! - деді.
40Алыстан бәрін бақылап, қарап тұрған мына әйелдер: мағдалалық Мәриям мен кіші Жақып пен Жүсіптің анасы Мәрия және Саломия да сол жерде болды.
41Иса Ғалилеяда болған кезде, олар Оның соңынан еріп, Оған қызмет еткен болатын. Сол жерде Исамен бірге Иерусалимнен еріп келгендер де болды.
42Осы күн сенбінің алдындағы дайындық күні болғандықтан, кеш батып, қараңғы түсе бастағанда,
43кеңестің белсенді мүшесі болған және өзі де Құдайдың Патшалығының келуін күтіп жүрген арамеялық Жүсіп батылдықпен Пилатқа барып, Исаның өлі денесін сұрап алды.
44Пилат Исаның тез өліп қалғанына таңғалып, Римдік әскердің жүзбасын өзіне шақырып алып: -Оның өлгеніне көп болды ма? - деп сұрады.
45Оның өлгенін Рим әскерінің жүзбасынан біліп алған соң, ол Исаның өлі денесін Жүсіптің алуына рұқсат берді.
46Жүсіп денені жерге түсіріп, зығырдан тоқылған жұқа матаға орап, Оны жартастан ойып жасалған қабірге апарып қойды да, қабірдің есігін жалпақ таспен бекітті.
47Мағдалалық Мәриям мен Жүсіптің анасы Мәрия Исаның денесін қайда апарып қойғанын көрді.

Currently Selected:

Марқа 15: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in