YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 16

16
1Сенбі күн өткен соң, мағдалалық Мәриям мен Жақыптың шешесі Мәрия және Саломия Исаның денесін майлау үшін хош иісті май сатып әкелді.
2Сенбіден кейін аптаның бірінші күні таңсәріде, күн енді шыға бастағанда, олар қабірге барды.
3Олар: «Қабірдің аузындағы жалпақ тасты бізге кім ашып берер екен?» -деп бір-біріне айтып келе жатқан болатын.
4Бірақ олар келгенде, тастың орнынан алынып тасталғанын көреді, ал тас өте үлкен болатын.
5Олар қабірге кірген кезде, оң жақта аппақ киіммен отырған жас жігітті көріп, зәрелері ұшады.
6-Айқышқа шегеленген назареттік Исаны іздеп жүрсіңдер ғой! Қорықпаңдар! Ол қайта тірілді! Ол мұнда жоқ. Міне, Оның жатқан жерін қараңдар.
7Енді Оның шәкірттері мен Петірге барып айтыңдар. Оның Өзі сендерге айтқанындай, Ол сендерден бұрын Ғалилеяға барады. Оны сол жерде көресіңдер, - деді ол.
8Олар қорыққандарынан қалтырап, аң-таң болған күйде қабірден шығып, алыстау жерге қашып барады. Олардың үрейленгені соншалық, ешкімге еш нәрсе деп айтпады.
9Иса қайта тірілген соң, сенбіден кейінгі бірінші күні таңертең ерте, ең алдымен, Өзі жеті жынын қуып шыққан мағдалалық Мәриямға көрінді.
10Мәриям кезінде Исамен бірге жүрген болатын, енді қазір қайғырып, Оны жоқтап, жылап жүргендерге барып, хабар берді.
11Бірақ шәкірттері Исаның тірілгеніне де, Оны Мәриямның көргеніне де сенбеді.
12Осыдан кейін Иса өз мекендеріне жолда кетіп бара жатқан екеуіне басқа бейнеде көрінді.
13Сонда олар да қалғандарына барып, хабар берді, бірақ оларға да сенбеді.
14Ең соңында Иса дастарқан басында ас ішіп отырған Өзінің он бір шәкіртіне келіп көрінді. Алайда Иса Өзінің өлімнен қайта тірілгеніне сенбей, олардың сенімсіздік көрсеткеніне және қасарысқан жүректеріне бола қапаланды.
15Сонда Иса оларға: -Осы әлемдегі барлық адамдарға барып, Ізгі хабарды жариялаңдар.
16Кім соған сеніп, шомылдырудан өтсе, сол құтқарылады, ал кім оған сенбесе, сол сотталады.
17Сенушілердің сенімдерін дәлелдейтін белгі мынау: Менің атыммен жындарды қуып шығатын болады; жаңа тілде сөйлеп;
18қолдарымен жылан да ұстайды; егер өлімге әкелетін бір нәрсе ішіп қойса, одан ешқандай да зиян шекпейтін болады; ауырған адамдарға қолдарын қойса, олар сауығатын болады, - деді.
19Сонымен, Иса осының бәрін айтып болған соң, көкке көтеріліп кетті де, Құдайдың Оң жағына барып отырды.
20Ал шәкірттері барлық жерлерге барып уағыз айтты. Иеміз оларды жетелеп, айтқан сөздерін ғажайыптар арқылы қолдап отырды.

Currently Selected:

Марқа 16: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in