Лұқа 22
22
Исаны өлтіру жайлы жоспар
1Бұл кезде Ашымаған нан мейрамы#22:1 22:7. жақындап қалған еді. Ол Құтқарылу мейрамы деп те аталатын. 2Басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның көзін құртудың жолын қарастырды, себебі олар халықтан қорықты.#22:2 Мат 26:3-5; Мар 14:1-2; Жох 11:48-49.
3Сонда он екі елшінің біреуі — Яһуда Исқариоттың бойына әзәзіл шайтан кіріп алды.#22:3 Жох 6:70-71; 12:6; 13:2,27. 4Яһуда (Исаның қасынан) кетіп, басты діни қызметкерлермен және ғибадатхананың бас сақшыларымен кездесіп, Исаны оларға қалай ұстап беру туралы ақылдасты. 5Олар қатты қуанып, Яһудаға күміс ақша беруге уәде етті. 6Ол бұған келісіп, Исаны жұрт көзінен таса жерде ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
Құтқарылу мейрамындағы ас
7Осылай Ашымаған нан мейрамының бірінші күні де жетті. Сол күні әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсіріп, бір тоқтыны құрбандыққа шалуы қажет болатын.#22:7 Мыс 12:1-20; Түсіндірмедегі «Құтқарылу мейрамын» да қараңыз. 8Сондықтан Иса Петір мен Жоханды жұмсап:
— Барып, бізге мейрам асын әзірлеңдер, — деді. Олар:
9— Асты қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады. 10Иса оларға былай деп тапсырды:
— Тыңдап алыңдар: қалаға кіргендеріңде сендерге құмырамен су алып бара жатқан бір адам кездеседі. Соның артынан еріп, ол кірген үйге сендер де кіріңдер. 11Үйдің иесіне: «Ұстазымыз сізге сәлем айтып, Маған шәкірттеріммен бірге отырып, мейрам асын ішуге болатын қонақ бөлмеңіз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер. 12Үй иесі сендерге жоғарғы қабатта орналасқан, еденіне төсеніштер төселген кең қонақ бөлмені көрсетеді. Асты сол жерге дайындаңдар! — 13Екі шәкірт барғанда, бәрі де Исаның айтқанындай болды. Олар мейрам асын сонда даярлады.
14Тамақ ішетін уақыт болғанда, Иса елшілерімен бірге дастарқан басына жайғасып, 15оларға былай деді:
— Мен азап шегер алдында мына Құтқарылу мейрамының асын сендермен бірге жеуді қатты аңсап едім. 16Сендерге шындығын айтайын: Құдайдың Патшалығында құтқарылу толықтай жүзеге асқанша, Мен осы асты бұдан былай жемеймін, — деді.
17Мұнан кейін Иса қолына тостағанды алды да, шүкірлік етіп, оларға:
— Мұны алып, өзара бөлісіңдер. 18Сендерге айтамын: Құдайдың Патшалығы орнағанша, Мен енді қайтып жүзім шырынынан еш татпаймын, — деді.
Исаның құрбан болуы — Жаңа Келісімнің негізі
19Содан кейін Иса қолына нан алып, шүкірлік етті. Нанды үзіп, оларға беріп жатып:
— Бұл — сендер үшін құрбандыққа берілмек денем.#22:19 Яки: Бұл... денемді бейнелейді. (Нанның үзіліп, үлестірілгеніндей, Исаның денесі де адамдардың Құдаймен қатынасқа кіре алуы үшін біраздан кейін құрбан болды: 23:44-46; Мат 26:26; Евр 10:19-22; Қор1 11:25-26.) Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер! — деді.
20Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып:
— Мына тостаған — сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа Келісім,#22:20 Яки: Мына тостаған... Жаңа Келісімді бейнелейді (Мыс 24:8; Қор1 11:25; Евр 8:13; 9:15; Түсіндірмедегі «Келісімді» де қараңыз). — деді.
21— Тыңдап алыңдар: Мені өз қолымен ұстап беретін опасыз адам Менімен бірге дастарқан басында отыр! 22Көктен келген Мен алдын ала белгіленген жолмен жүремін.#22:22 Немесе: Құдай тағайындаған Билеуші («Адам Ұлы») алдын ала белгіленген жолмен жүреді. Алайда Мені ұстап беретін кісі қасіретке қалады! — деді Иса. 23Шәкірттері:
— Мұны істейтін қайсымыз? — деп бір-бірінен сұрай бастады.
Ең маңыздысы — билік ету емес, қызмет ету
24Сол кезде шәкірттерінің арасында қайсымыздың жолымыз үлкен болуға лайық деген айтыс туған еді. 25Ал Иса оларға былай деді:
— Патшалар қол астындағы елдерді билеп-төстейді, әрі халықтардың үстінен қатаң әмір жүргізушілер тіпті «жақсылық жасаушылар» деп те аталады.#22:25 Жох 19:15; Елш 12:20-23; 24:2-3. 26Бірақ сендерде ондай болмасын! Керісінше, ең ұлыларың ең кішілеріңдей, басшылық ететіндерің қызмет көрсетушілеріңдей болсын!#22:26 9:46-48; Мар 9:35. 27Қалай ойлайсыңдар, қайсысының жолы үлкен: дастарқан басында отырғанның ба, әлде оған қызмет етушінің бе? Әрине, дастарқан басында отырғанның. Ал Мен араларыңда қызмет етуші іспеттімін.#22:27 Мат 20:28; Жох 13:4-5,14-16.
28Қиындыққа ұшыраған кездерімде Менімен бірге болған сендерсіңдер. 29Сондықтан Әкемнің Мені Патша болуға тағайындағаны сияқты, Мен де сендерді билік жүргізуге тағайындаймын:#22:29 Яки: Әкем Маған Патшалықты тапсырғанындай, Мен де сендерге патшалық билікті тапсырамын (Мат 25:34; Рим 8:17; Тім2 2:12; Аян 5:10). 30Менің Патшалығымда дастарқанымнан ішіп-жеп, тақтарыңа отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар.#22:30 14:15; Мат 19:28.
Петірдің Мәсіхтен танатыны туралы алдын ала білдіру
31Иеміз Иса Шимон Петірге:
— Шимон, Шимон, сақ бол! Жұрттың бидайды қауызынан ажырататыны сияқты, әзәзіл шайтанға да сендерді сынақтан өткізуге жол берілді.#22:31 Немесе: әзәзіл шайтан сендерді бидай сияқты електен өткізуге рұқсат сұрап алды (Әйүп 1:6-12). 32Бірақ Мен сенімің таусылмасын деп сен үшін мінажат еттім. Сен Құдай жолына қайтқаннан кейін бауырластарыңның сенімін нығайтатын бол,#22:32 Жох 17:9,15; 21:15-17. — деп ескертті. Ал Петір:
33— Мырза, мен Сізбен бірге түрмеге де, өлімге де баруға дайынмын! — деді. 34Бірақ Иса:
— Петір, саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен «Оны танымаймын» деп Менен үш рет танасың, — деп жауап берді.
35Содан кейін Иса шәкірттеріне:
— Мен сендерді жолға ақша салатын қалта да, жолдорба да, артық аяқкиім де алғызбай жұмсап жібергенімде,#22:35 9:2-3; 10:3-4. бір нәрседен мұқтаждық көрдіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар:
— Жоқ, еш нәрседен мұқтаждық көрген жоқпыз, — деп жауап қайтарды. 36Сонда Иса оларға былай деді:
— Ал енді, кімнің ақша қалтасы болса, соны да, жолдорбасын да алып жүрсін. Кімнің семсері жоқ болса, ол шапанын сатып, семсер алсын.#22:36 Осы астарлы сөздер жақында шәкірттердің бастарына түсетін аса қауіпті жайттарды бейнеледі (Мат 26:31; Мар 14:27). Семсер: не қанжар (22:38). 37Өйткені сендерге айтамын: пайғамбардың: «Ол қылмыскерлердің қатарында саналды» деп алдын ала айтқан сөзі#22:37 Иш 53:12. Менің өмірімде іске асуға тиіс. Мен туралы алдын ала жазылғанның бәрі де орындалады. — 38Шәкірттері:
— Мырза, қараңыз, мұнда екі семсер#22:38 Яғни қанжар, қысқа семсер (22:36,49). бар! — дегенде, Иса:
— Жетер енді! — деп жауап қайырды.
Мәсіхтің Гетсимани бағында мінажат етіп рухани күресуі
39Сол кезде Иса қаладан шығып, дағдылы әдеті бойынша Зәйтүн тауына қарай беттеп бара жатты. Шәкірттері де Оның артынан ілесті.#22:39 Мат 26:36; Мар 14:32; Жох 18:1. 40Сол жерге жеткеннен кейін Иса оларға: «Азғырылмау үшін сиынып мінажат етіңдер!»#22:40 Яки: Теріс жолға түспеу үшін (Жаратқан Иеге) сиынып дұға етіңдер! (11:4; 21:36) — деп тапсырды.
41Өзі олардан тас лақтырымдай жерге аулағырақ барып, тізерлеп отырды да, мінажат етіп былай деді: 42«О, Әкем, егер Сен қаласаң, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр.#22:42 Яки: Сен қаласаң, осы азапты басыма түсіре көрме (Мат 20:22; 26:39; Иш 51:17,22; 53:10). Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!»
43Сонда көктен бір періште келіп, Исаға күш берді. 44Рухани күресіп қатты қиналған#22:44 (22:53; Жох 12:27; Евр 5:7; Еф 6:12) Немесе: Жанталасып жатқан. Иса одан бетер сиынып мінажат етті. Оның тері қан тамшыларына ұқсап жерге тамып жатты.
45Иса сиынуын аяқтаған соң, орнынан тұрды. Шәкірттерінің қасына қайтып келіп, олардың қайғыдан шаршап, ұйықтап қалғандарын көрді. 46Сонда оларға: «Неге ұйықтап жатырсыңдар? Азғырылмау үшін орындарыңнан тұрып, сиынып мінажат етіңдер!» — деді.
Исаның тұтқындалуы әрі зақымдалған малайды кереметпен сауықтыруы
47Иса әлі де осыны айтып тұрғанда, бір топ адам көрінді. Оларды Яһуда (Исқариот) есімді он екі елшінің біреуі бастап алып келді. Ол Исаға жақындап, Оны сүймекші болды. (Себебі Яһуда қасындағылармен «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі» деп келіскен еді.)#22:47 Мат 26:48; Мар 14:44. 48Ал Иса оған: «Яһуда! Сен көктен келген Маған#22:48 Яки: Құдай тағайындаған Билеушіге («Адам Ұлына»). бетімнен сүйіп тұрып та опасыздық жасайсың ба?» — деді.
49Исаның қасындағылар енді не болатынын сезіп:
— Мырза, семсермен құртып салайық па? — деп сұрады. 50Олардың біреуі#22:50 Шимон Петір (Жох 18:10,26). семсерін бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның оң құлағын шауып түсірді. 51Бірақ Иса:
— Тоқтатыңдар, жетер енді! — деп бұйырып, малайдың құлағына қолын тигізіп, оны сауықтырып жіберді.
52Иса Өзін ұстауға келген басты діни қызметкерлерге, ғибадатхананың бас сақшыларына және рубасыларға: «Мені тұтқындауға қарақшыға#22:52 Яки: ұлтшыл көтерілісшіге (23:14-19). қарсы аттанғандай семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? 53Күн сайын сіздермен бірге ғибадатханада болғанымда, Маған қарсы қол көтерген жоқсыздар.#22:53 19:47-48; 21:37-22:2. Ал қазір күндеріңіз туып, қара түнектің күші билігін жүргізіп тұр»,#22:53 Мұндағы қара түнек зұлымдықты әрі әзәзіл шайтанды білдіреді (Жох 1:5; 3:19-20; Елш 26:18). — деді.
Исаның Жоғарғы кеңес алдындағы адал куәлігі, ал Петірдің Исадан тануы
54Олар Исаны тұтқынға алып, бас діни қызметкердің сарайына апарды. Петір соларға алыстан ілесіп отырды. 55Сақшылар сарайдағы ішкі ауланың ортасына от жағып, айналдыра жайғасқанда, Петір де араларына барып отырды. 56Бір қызметші қыз оның оттың жарығында отырғанын көрді. Оған қадала қарап:
— Мынау да Онымен бірге жүретін! — деді. 57Ал Петір қызға:
— Жоқ, Оны білмеймін! — деп мойындамады. 58Біраздан кейін тағы біреу оны көріп:
— Сен де солардың біреуісің! — деді. Бірақ Петір оған:
— Жоқ, олай емеспін! — деп жауап қатты. 59Бір сағаттай уақыт өткен соң тағы бір адам:
— Шынымен бұл да Оның қасында жүретін, өзі ғалилеялық қой! — деп нықтап айтты. 60Алайда Петір сол кісіге:
— Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп жауап қайтарды. Ол осыны айтып тұрған сәтте-ақ әтеш шақырды. 61Сонда Иеміз бұрылып, Петірге қарады. Петірдің есіне Иеміздің «Осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың» деген сөзі#22:61 22:34. түсті. 62Содан Петір сыртқа шығып, қатты жылады.
63Исаны ұстап тұрған адамдар Оны мазақтап, соққылады. 64Оның бетін бүркеп, ұрып-соғып: «Әй, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекелей сұрады. 65Оны тағы басқа көптеген жаман сөздермен де қорлады.
66Таң атқанда рубасылар, басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Жоғарғы кеңеске жиналды. Исаны кеңестің алдына әкелдіріп, 67Оған:
— Сен Мәсіхсің бе? Бізге айтып бер! — деген сауал қойды. Иса оларға:
— Мен айтсам да, бәрібір сенбейсіздер, 68сіздерге сұрақ қойсам да, бәрібір жауап бермейсіздер. 69Ал қазірден бастап Мен Билеуші ретінде Құдіретті Құдайдың оң жағында отыратын боламын!#22:69 Яки: қазірден бастап Құдай тағайындаған Билеуші («Адам Ұлы») Құдайдың құдіретінің оң жағында отыратын болады! (24:26,51; 21:27; Мар 16:19; Жыр 109:1; Дан 7:13-14) — деп жауап қайтарды. 70Олардың бәрі:
— Сонда Сен Құдайдың рухани Ұлысың ба?#22:70 Яки: Мәсіхсің бе? (23:35; 1:35; осы аятқа берілген сілтемені де қараңыз.) — деген сұрақ қойды. Иса:
— Менің Сол екенімді өздеріңіз айтып тұрсыздар, — деп жауап берді. 71Олар:
— Бізге тағы қандай куәлік қажет? Мұны Оның өз аузынан естідік қой, — десті.
Одоогоор Сонгогдсон:
Лұқа 22: КК 2010
Тодруулга
Хуваалцах
Хувилах
Тодруулсан зүйлсээ бүх төхөөрөмждөө хадгалмаар байна уу? Бүртгүүлэх эсвэл нэвтэрнэ үү
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.