Mufananidzo weYouVersion
Mucherechedzo Wekutsvaka

Матай 5

5
1Көп халықты көрген Иса тауға көтерілді. Ол отырған кезде, қасына шәкірттері келді.
2Ол мынадай сөздермен тәлім бере бастады:
3-Рухы кедейлер бақытты, өйткені Көктегі Патшалық солардікі болады.
4Қайғырып, жылағандар бақытты, олар жұбаныш табатын болады.
5Кішіпейілділер бақытты, олар жерді иемденеді.
6Әділдікті аңсап, ашығып, шөлдегендер бақытты, олар қанағат табады.
7Мейірімділік танытқандар бақытты, олар да мейірімге ие болады.
8Жүрегі тазалар бақытты, себебі олар Құдайды көре алатын болады.
9Татуластырушылар бақытты, өйткені олар Құдайдың Ұлы деп аталатын болады.
10Әділдік үшін қудаланғандар бақытты, Көктегі Патшалық солардікі болады.
11Маған бола сендерді қорлап, қудалап, өтірік жала жапса, сендер - бақыттысыңдар.
12Қуанып, шаттаныңдар, сонда көктегі сыйларың мол болады, сендерге дейінгі пайғамбарларды да осылай қудалаған.
13Сендер осы жерге тұзсыңдар, егер тұздың дәмі жоғалса, оның тұздық дәмін қайтадан қалпына келтіруге бола ма? Ол еш нәрсеге жарамсыз болғандықтан, тек аяқ астына төгіп тастау ғана қалады.
14Сендер -осы әлемге нұрсыңдар, тау басында тұрған қаланы еш жасыра алмайсың.
15Жағылған шамды да ыдыспен бүркемей, шам қойғышқа қояды, сонда үйдегілердің бәріне жарық түседі.
16Сол сияқты сендердегі жарық адамдардың алдында жарқырап, жақсы істеріңді оларға көрсетсін, сөйтіп, сендердің Көктегі Әкелеріңді олар мадақтайтын болсын.
17Мені заңды немесе пайғамбарлардың айтқандарын жою үшін келді деп ойламаңдар, тек оларды орындау үшін келдім.
18Сендерге шындықты айтып тұрмын: -Мына аспан мен осы жер жойылып кетпейінше, Заңның кішкентай бір әрпі немесе оның бір сызығы да жойылмайды, бәрі де орындалады.
19Сондықтан егер біреу осы кішкентай өсиеттің бірін бұзып әрі адамдарды соған үйретсе, Көктегі Патшалықтың ең кішкентайы сол болады. Кім оны орындап, іске асырып, соған үйрететін болса, Көктегі Патшалықтың ең үлкені сол болады.
20Сонымен, сендерге айтарым: -Егер де сендердің әділдіктерің, Таурат заңын зерттеушілер мен фарисейлерден асып түспесе, онда Көктегі Патшалыққа кіре алмайсыңдар.
21Сендер алдыңғы ұрпаққа: «Кісі өлтірме, кісі өлтірген сотталады», - деп айтылғанын естідіңдер.
22Мен сендерге былай деймін: -Бауырына ашуланған әркім сотталады және кім бауырына «бейшара» деп айтса, жоғарғы кеңес алдында жауап береді, кім «ақымақ» деп айтса, тозақ отында өртенеді.
23Сондықтан егер сен сый-тартуыңды құрбандық үстелінің алдына әкеліп тұрып, сол жерде бауырыңның өзіңе қарсы реніші бар екені есіңе түссе,
24сый-тартуыңды құрбандық үстелінің алдына қалдырып, алдымен бауырыңмен татулас, содан кейін келіп, құрбандығыңды ұсын.
25Қарсыласыңмен жолда бірге болсаң, тез арада онымен татуласқаның жөн, олай істемесең, ол сені сотқа береді, сот сені қызметшісіне тапсырады, ол сені абақтыға жабады.
26Саған шындығын айтайын: төлеміңді соңғы тиынға дейін төлемесең, сол жерден шыға алмайсың.
27Бұдан басқа сендер: «Неке адалдығын бұзба», -дегенді де естідіңдер.
28Мен сендерге айтайын, әркім бір әйелге құмарта қарайтын болса, ол сол сәтте-ақ өз жүрегінде онымен неке адалдығын бұзады.
29Егер оң көзің сені азғырса, оны ойып алып таста, бүкіл денеңнің тозақ отына тасталғанынан гөрі, бір мүшеңнен айырылсаң, соның саған әкелетін пайдасы өте зор.
30Егер де оң қолың сені азғыратын болса, оны жұлып алып таста, бүкіл денеңнің тозақ отына кеткенінен гөрі, бір мүшеңнен айрылғаныңның өзі саған пайдалы.
31Былай деп айтылған болатын: «Өз әйелінен ажырасқан әркім әйеліне ажырасу куәлігін беретін болсын».
32Мен сендерге мынаны айтамын: -Әйелінен неке адалдығын бұзғаны үшін емес, басқа бір себеппен ажырасқан әркім оны жыныстық азғындық жолына түсуге итермелейді, кім де кім ажырасқан әйелге үйленетін болса, онда ол жыныстық азғындық жасайды.
33Бұдан бұрынғы адамдарға да: «Берген анттарыңды бұзбаңдар, Құдайдың алдында берген антыңды орындайтын бол», - деп айтылғанын естідіңдер.
34Соған байланысты Менің сендерге айтарым: -Мүлдем ант бермеңдер, көкпен де ант берме, себебі ол -Құдайдың тағы,
35жермен де ант берме, себебі ол -Оның табан тірейтін тіреніші, Иерусалиммен де ант беруші болма, себебі ол -Ұлы Патшаның қаласы.
36Өз басыңмен де ант берме, себебі шашыңның бір талын ағарта да алмайсың, қарайта да алмайсың.
37Одан да сендердің «иә» дегендерің «иә», «жоқ» дегендерің «жоқ» болсын, егер бұған артық қосатын болсаң, ол - әзәзілден.
38Сендер «көзге-көз», «тіске-тіс» дегенді де естідіңдер.
39Менің сендерге айтарым: Өздеріңе зұлымдық істегенге қарсы тұрмаңдар, керісінше, кім сенің оң жақ бетіңнен ұратын болса, сол жақ бетіңді де тос.
40Сенімен соттасқысы келіп, көйлегіңді алғысы келгенге сырт киіміңді де қалдыр.
41Егер біреу сені мәжбүрлеп, бір шақырым жүргізсе, онымен екі шақырым жүр.
42Сұрап тұрса, бер, сенен қарыз алғысы келгеннен де теріс айналушы болма.
43Сендер «жақыныңды сүйіп, жауыңды жек көр» дегенді де естідіңдер.
44Менің сендерге айтарым: -Жауларыңды жақсы көріңдер және өздеріңді қудалағандар үшін мінәжат етіңдер.
45Сонда сендер Көктегі Әкелеріңнің ұлдары боласыңдар, себебі Ол күн шуағын жамандарға да, жақсыларға да бірдей түсіреді, жаңбырды әділдерге де, әділетсіздерге де бірдей жаудырады.
46Егер де сендер тек өздеріңді сүйетіндерді ғана сүйетін болсаңдар, онда сендердің алатын сыйларың қандай болмақ? Осындай нәрсені салықшылар да істемей ме?
47Сондай -ақ тек бауырластарыңмен ғана амандассаңдар, мұның қандай артықшылығы бар? Өзге ұлттың адамдары да осылай істемей ме?
48Сондықтан сендердің Көктегі Әкелерің қандай кемелді болса, сендер де сондай кемелді болыңдар.

Zvasarudzwa nguva ino

Матай 5: ZO

Sarudza vhesi

Pakurirana nevamwe

Sarudza zvinyorwa izvi

None

Unoda kuti zviratidziro zvako zvichengetedzwe pamidziyo yako yose? Nyoresa kana kuti pinda